ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ ЕРТЕ КӨКӨНІС ӨНДІРІСІ ҚАРҚЫН АЛУДА

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын әртараптандыру және тұрғындарды отандық азық-түлікпен қамту бағытындағы жұмыстар жаңа жыл басталмай жатып жанданды. Қаңтар айының ортасында-ақ Мақтаарал ауданында ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу науқаны басталып кетті. Бұл – өңірдің климаттық мүмкіндігін тиімді пайдаланып, нарыққа алғашқы өнімді ертерек шығаруға бағытталған нақты қадам.
Биыл Мақтаарал ауданында егістік алқаптарының жалпы көлемі 60,3 мың гектарды құрайды деп жоспарланған. Оның ішінде 1405 гектар жерге ерте және орта мерзімде пісетін көкөніс түрлері орналастырылады. Бұл көрсеткіш ауданда көкөніс шаруашылығына басымдық беріліп отырғанын аңғартады.
Қазіргі таңда Мақтаарал ауылдық округінде ерте өнім алуға бағытталған жұмыстар белсенді жүргізілуде. Тәжірибелі диқандар заманауи технологияларды қолдана отырып, өнімділікті арттыруға күш салып жатыр. Соның бірі – ауыл шаруашылығы саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Шағыр Ертуғанұлы Күшербаев. Ол биыл 8 гектар алқапқа ас үй қызылшасын егіп, тамшылатып суару жүйесін пайдалануда.
Бұл технология су үнемдеумен қатар, тыңайтқыштарды өсімдік түбіне дәл жеткізуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде дақылдың өсіп-жетілуі біркелкі болып, өнім көлемі айтарлықтай артады. Аграрлық сала мамандарының мәліметінше, тамшылатып суару әдісі арқылы алынатын өнім дәстүрлі тәсілмен салыстырғанда екі есеге дейін көбейуі мүмкін. Әсіресе су тапшылығы сезілетін аймақтар үшін бұл – тиімді әрі ұтымды шешім.
Шаруашылықта егіс жұмыстары агротехникалық талаптарға толық сай жүргізілуде. Топырақ дайындау, тұқым себу және суару жұмыстары белгіленген мерзімде атқарылған. Ауа райы қолайлы болған жағдайда ас үй қызылшасының алғашқы өнімі сәуір айында жиналады деп күтілуде. Ерте өнімнің нарыққа шығуы бағаның тұрақталуына оң әсер етіп, тұрғындарды жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мақтаарал ауданында алдағы уақытта қырыққабат егу жұмыстары да басталмақ. Бұл дақыл да ерте пісетін көкөністер қатарына жатады және ішкі нарықта сұранысқа ие. Мамандардың айтуынша, ерте көкөніс көлемінің артуы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, шаруалардың табысын арттыруға да ықпал етеді.
Жалпы биыл Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 919 мың гектар жерге орналастырылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Оның ішінде 536 мың гектарға жаздық дақылдар, 208 мың гектарға күздік егіс, ал 175 мың гектарға көпжылдық жоңышқа егіледі. Бұл көрсеткіштер өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.
Ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу – Түркістан облысының аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Жергілікті диқандардың тәжірибесі мен заманауи технологиялардың үйлесуі өңірді сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге жол ашып отыр.





