СОЗАҚ АУДАНЫНДА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ІРІ ҚАРА МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

default
Созақ ауданында ет бағытындағы мал шаруашылығын өркендету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде «Kaz Plem Zavod» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы өңірге 1 474 бас «Калмық» асыл тұқымды мүйізді ірі қара жеткізілді. Оның 1 245 басы аналық мал болса, 229 басы – өткен жылғы төлдер.
Шаруа қожалығы әкелінген мал басын ауданның арнайы жер қорындағы Бетпақдала аумағынан бөлінген 5 000 гектар жайылымға орналастыруда. Сонымен қатар, орман қоры жерінен 9 000 гектар жайылымды пайдалану бойынша келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда барлық мал аудан бойынша тіркеліп, ветеринариялық есепке алынған.
«Kaz Plem Zavod» ЖШС 2020 жылы Түркістан облысы, Арыс қаласында құрылған. Серіктестік ауданның табиғи-климаттық және жайылымдық әлеуетін ескере отырып, Бетпақдала аумағына қоныс аударып, асыл тұқымды мал өсіру ісін жолға қойған. «Калмық» тұқымы – етті бағыттағы, шөл және шөлейт аймақтарға, сондай-ақ суық климатқа төзімділігімен және жоғары өнімділігімен ерекшеленетін мал түрі.
Серіктестік төрағасы Мамытхан Әлімханұлы алдағы жоспарларымен бөлісіп өтті:
– Бұл кәсіпті 2020 жылдан бастап дамытып келеміз. Қазіргі уақытта әкелінген малдың барлығы ауданға толық тіркелді. Биыл мал басын қосымша 1 500 басқа көбейтуді жоспарлап отырмыз. Асыл тұқымды малдар Ресей Федерациясының Бурятия Республикасынан жеткізілді. Аналық мал басын көбейтіп, аталықтарын 4 жасынан бастап экспортқа шығаруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, биылғы жылдың басынан бері ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында 10 365 келі тірі салмақта ет өнімдерін өткіздік, – деді ол.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы Созақ ауданында мал шаруашылығын дамытуға, ет өндірісінің көлемін арттыруға және өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуға оң ықпалын тигізіп отыр.





