Ақниет ауылының 300-ден астам үйі таза сумен және сапалы электр қуатымен қамтылады

Ақниет ауылының 300-ден астам үйі таза сумен және сапалы электр қуатымен қамтылады

Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округіне қарасты Ақниет елді мекеніндегі 300-ден астам отбасы жақын арада таза ауыз су мен тұрақты электр қуатына қол жеткізбек. Бұл екі ірі инфрақұрылымдық жобаның құрылысы аяқталуға жақын.
Ауыз су жобасы аясында 20 шақырымнан астам құбыр тартылып, жұмыстың 85 пайызы орындалды. Сонымен қатар, ауылды сапалы электрмен қамту үшін 650 жаңа бағана мен 5 трансформатор орнатылуда.
Жақында құрылыс барысын пысықтау үшін нысан басына барған аудан әкімі Арман Абдуллаев мердігерлерге жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды қатаң тапсырды. «Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартатын аса маңызды жоба», – деді аудан басшысы.

Әкім сондай-ақ, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы С.Қарақұловқа жобалардың аяқталуын жеке бақылауға алуды міндеттеді. Бұл жұмыстар аудандағы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту жоспарының бір бөлігі болып табылады.