КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСТАР СҮРІЛІП, АБАЙ АУЫЛЫ ЖАҢАРТЫЛУДА

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСТАР СҮРІЛІП, АБАЙ АУЫЛЫ ЖАҢАРТЫЛУДА

Келес ауданының әкімдігі Абай ауылында заңсыз салынған құрылыстарды жою жұмыстарын бастады. Жергілікті биліктің мәліметінше, ауыл аумағында 37 заңсыз нысан анықталған. Қазірге дейін олардың екеуі бұзылып, тағы алтауы бойынша сүру жұмыстары жүріп жатыр.

Бұл шаралар жүйелі мониторинг нәтижесінде қолға алынып, аудан басшысы Жәнібек Ағыбаевтың тікелей бақылауымен жүзеге асырылуда. Заңсыз нысандардың бұзылуы – елді мекеннің жоспарлы дамуына кедергі келтіретін факторларды жою мақсатында жүргізіліп отыр.

Аудан әкімі аппаратының жетекшісі Бақтияр Абдрахманов құрылыс жұмыстарының заңға сәйкес жүргізілуі керектігін айтып, тиісті қызметтерге нақты тапсырмалар берді.

– Бұл жұмыстар – Абай ауылының даму жоспарын іске асырудағы маңызды қадам. Заңсыз құрылыстарды жойып, орнына қоғамдық кеңістіктер, демалыс аймақтары мен жасыл желектер орналастырылады. Мақсат – ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру, – деді ол.

Алдағы уақытта барлық заңсыз құрылыстар кезең-кезеңімен алынып тасталып, ауылдың көркін арттыруға бағытталған жобалар жүзеге аспақ. Оның ішінде жаңа аллеялар мен абаттандырылған демалыс орындары бар.

Аудан әкімдігі тұрғындарды құрылыс жүргізуде заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып, жер пайдалану ережелерін ескерусіз қалдырмауға үндеді.