КЕНТАУ: ӨНДІРІС ПЕН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА НАЗАР КҮШЕЙЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласына жұмыс сапарымен барып, құрылыс нысандарын, индустриялық аймақтарды аралап, қаланың даму мәселелеріне арналған актив жиналысын өткізді.
Өңір басшысы Кентаудағы бірқатар мәселелерге назар аударып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, индустриялық аймақтағы инвестор тарту жұмыстары баяу жүріп жатқаны сынға алынды. Жол картасы аясында 2025 жылға жоспарланған 10 жобаның тек үшеуі ғана жүзеге асқан. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамыту, халықты табиғи газбен қамту, газ нысандарын заңдастыру және тиісті ұйымдардың балансына өткізу қажеттігі айтылды.
– Кентаудың әлеуетін толық пайдалану үшін әкімдік пен мәслихат депутаттары бірлесіп әрекет етуі тиіс. Әр округ бойынша нақты ұсыныстар қажет. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеуде депутаттар да белсенділік танытсын, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында қала әкімі Жандос Тасов атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, салалық басқарма басшылары өз бағыттарындағы түйткілдер мен оларды шешу жолдарын ортаға салды. Өңір басшысы қаладағы санитарлық тазалықты күшейтуді, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кешенді шаралар атқаруды тапсырды. Барлық нұсқаулар хаттамалық түрде бекітілді.
Экономикалық көрсеткіштер:
- Жарты жылда Кентаудағы жалпы өнім көлемі 41,2 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113,5%-ға өсім тіркелген;
- Қалалық бюджетке түскен түсім – 9,4 млрд теңге. Жеке табыс жоспары 2,1 млрд теңге болса, нақты орындалуы – 2,4 млрд (111,6%);
- Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 12,3 млрд теңге, бұл жоспардан 0,9 млрд теңгеге артық;
- Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,6 млрд теңге, өткен жылмен салыстырғанда 3,2 млрд теңгеге көп.





