ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КЕНЕ ТАРАТАТЫН ҚАУІПТІ ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ ІС-ШАРАЛАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КЕНЕ ТАРАТАТЫН ҚАУІПТІ ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ ІС-ШАРАЛАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Түркістан облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына (КҚГҚ) байланысты эпидемиологиялық ахуал бақылауда. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Еркінбекова мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, өткен жылы өңірде 781 елді мекенде кенеге қарсы барлау жұмыстары жүргізіліп, 62 918 кене жиналған. Зертханалық талдау нәтижесінде олардың 136-сынан қауіпті вирустың қоздырғышы анықталған. 2024 жылы облыста КҚГҚ-мен 11 адам ауырған: төртеуін кене шаққан, алтауы мал бағумен айналысқан, біреуі егістік алқабында жұмыс істеген.
Эпидемиялық ошақтарда толыққанды тексеру жұмыстары жүргізіліп, қоражайлар мен малдан 3 468 кене жиналды. Оның ішінде 16 сынамадан вирус табылған.
2025 жылдың басынан бері бұл аурумен бір адам ғана ауырған. Жалпы, биылғы алты айда облыс бойынша 597 тұрғынды кене шаққан, олардың барлығы медициналық көмекке жүгінген. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылы кене шағу дерегі бойынша 1 416 адам тіркелген.
Сонымен қатар, өңірде жіті ішек инфекцияларының алдын алу жұмыстары да назарда. Биылғы жартыжылдықта 148 жағдай тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22 жағдайға көбейген. Дегенмен, санитарлық қызмет мамандары эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағалап отыр.





