ЮНЕСКО ТҮРКІСТАННЫҢ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ ҚОЛДАДЫ

ЮНЕСКО ТҮРКІСТАННЫҢ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ ҚОЛДАДЫ

Парижде өткен ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитетінің 47-сессиясында Түркістанға қатысты маңызды шешім қабылданды. Болгария төрағалығымен өткен жиынға Қазақстан делегациясы да қатысып, еліміздегі мұра нысандарының жай-күйі мен дамыту жоспарларын таныстырды.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың қатысуымен өткен сессияда аймақ халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Оның айтуынша, өңірде қолжетімді әрі сапалы су көздерінің тапшылығы тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер етіп отыр. Бұл мәселені шешуге бағытталған жобаларда бірінші кезекте халықтың қажеттілігі ескеріледі.

ЮНЕСКО сарапшылары 2024 жылы өңірде жүргізген мониторинг нәтижесінде бірқатар ұсыныстар берген болатын. Қазақстан тарапы бұл ұсынымдарды назарға алып, соның негізінде қабылданған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңды халықаралық талаптарға сәйкестендіріп әзірлеген.

Комитет сессиясы барысында аталған заң ресми құпталып, онда:

  • мәдени мұраны сақтау,
  • туризмді тұрақты дамыту,
  • Түркістан қаласының сәулеттік келбетін сақтау қағидалары көрсетілгені атап өтілді.
    Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғалатын аймағынан 100 метр радиуста биіктігі жеті метрден асатын құрылыс жүргізуге тыйым салынатыны нақты жазылған.

Сессия қорытындысында ЮНЕСКО 26 жаңа нысанды Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізіп, 248 нысанның қазіргі жай-күйіне баға берді. Қазақстаннан бұл тізімде төрт нысан бар:
– Қожа Ахмет Ясауи кесенесі,
– Батыс Тянь-Шань,
– Тұран шөлдері,
– Жібек жолының Чанъань–Тянь-Шань дәлізі бойындағы бағыттар.

Айта кетейік, Батыс Тянь-Шань 2016 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның бастамасымен ЮНЕСКО табиғи мұра нысанына енгізілген. Оның құрамына «Ақсу-Жабағылы», «Қаратау» қорықтары және «Сайрам-Өгем» ұлттық паркі кіреді. Бұл – тек табиғатты қорғау емес, сонымен қатар халықаралық туризмді дамытуға мүмкіндік беретін айрықша мәртебе.