ТҮРКІСТАН: НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ АҒЫН СУ МЕН АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ШТАБ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ

ТҮРКІСТАН: НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ АҒЫН СУ МЕН АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ШТАБ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ

Түркістан облысында ағын су тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шардарада ағын және ауыз су мәселелеріне арналған штаб отырысын өткізді. Мәжілісте Шардара, Жетісай, Мақтаарал аудандарының әкімдері мен «Қазсушар» мекемесінің есебі тыңдалды.

Облыс әкімі су тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешу үшін бірлескен жұмыс пен нақты жоспардың қажеттігін атап өтті. Ол су үнемдеу технологияларын енгізу, суды аз қажет ететін дақылдарды егу, ауылдарға ауыз су жеткізудің жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, аудан әкімдеріне «Ислам даму банкіне» ұсынылған жобалардың құжаттарын сапалы дайындау жөнінде нұсқау берілді.

Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасындағы су көлемі 926 млн текше метрді құрайды. Бұл былтырғыдан 1,5 есе аз. Ал су лимиті бойынша биыл 987,59 млн текше метр қарастырылып, соның 827,59 млн текше метрі шаруаларға жеткізілген.

2025 жылға қарай 8 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарланған. Қазірдің өзінде 5,2 мың гектарға енгізілсе, жыл соңына дейін тағы 2,8 мың гектарға енгізу жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы сала басшыларына және әкімдерге су тапшылығының алдын алуға бағытталған нақты шараларды жедел қолға алуды тапсырды.