ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ АЗАЙҒАН

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ АЗАЙҒАН
Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық, ерте жүктілік және өзіне-өзі қол жұмсау фактілері азайған. Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында айтылды.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Бейсенбай Тәжібаев жүргізді. Басқосуға құқық қорғау органдарының, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала мекемелерінің басшылары мен өкілдері, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары және үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова 2024-2025 оқу жылына жоспарланған және жүзеге асқан іс-шаралар туралы баяндады. Ал полиция департаментінің полковнигі Ермек Өсербаев кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Статистикалық мәліметке сәйкес, 2024 жылдың алғашқы 4 айында балалар қылмысы 44 деректен 35-ке төмендеген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен жұмыспен қамту басқармасының өкілдері ерте жүктіліктің, суицидтің алдын алу, мобильдік топтардың қызметін жетілдіру, цифрлық жүйелер арқылы отбасыларды қолдау шаралары туралы баяндама жасады. Психологиялық қолдау орталығы ашылып, 1 300 ата-анамен, 1 700 педагогпен және 130 қиын жағдайдағы балаға көмек көрсетілген.
– Балалармен байланысты сала басшыларына жауапкершілік жүктеледі. Әр мектептегі қиын жағдайдағы оқушыларды назарға алып, жүйелі түрде жұмыс жүргізілуі тиіс. Бұл – Түркістан облысы әкімінің тікелей тапсырмасы, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Оның айтуынша, мектеп психологтарының жетіспеушілігі мәселесі де шешілмек. Қазіргі таңда 86 педагог-психолог қажет екені анықталып, жаңа оқу жылынан бастап штатқа енгізіледі. Сонымен қатар, 259 мыңнан астам оқушының психо-эмоционалдық жай-күйін анықтау үшін анонимді сауалнама жүргізіліп, көмекке мұқтаж балалармен нақты жұмыстар атқарылған.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста 1143 білім беру ұйымына 111 нүктеге QR-кодтар орнатылып, балалар қиын жағдайда жедел психологиялық көмек ала алады.
Мектептердегі қиын жағдайдағы оқушылар, «Жайсыз отбасы» санатындағы балалар мен өгей ата-аналармен тұратын жеткіншектермен жеке жұмыстар жүргізілуде. Комиссия отырысында бұл бағыттағы шаралар жалғасатыны, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелетіні айтылды.





