Ақсу өзені маңындағы жерлерге қатысты құқықтық тексеру жүргізіледі

 

Сайрам ауданында Ақсу өзені бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарға берілген жер телімдерінің заңдылығы қайта қаралады. Бұл туралы аудан әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен жұмыс жиынында мәлім болды.

Аудан басшысы жауапты бөлімдерге – жер қатынастары, құрылыс және сәулет салаларына – осы аумақтағы жер учаскелеріне қатысты құжаттарды толықтай тексеріп, құқықтық сәйкестігін анықтауды тапсырды. Бұл шара – өзен маңындағы жерлердің тиімді әрі заң шеңберінде пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жиынға ауылдық округ әкімдері мен салалық бөлім басшылары қатысып, өңірдегі жер қатынастарына байланысты өзекті мәселелер мен жұмыс барысы талқыланды.

Сонымен қатар, басқосу кезінде Жансая елді мекені тұсындағы көпір құрылысының ахуалы да сөз болды. Аудан әкімі құрылыс қарқынына тоқталып, жол қатынасын жақсартуға бағытталған жобаның маңызын атап өтті.

Жердің де, инфрақұрылымның да әділ әрі ашық басқарылуы – ауданның тұрақты дамуының кепілі, деді жиын қорытындысында Арман Сабитов.