Кентау қаласына экологиялық аймақ мәртебесі берілді

Кентау қаласына экологиялық аймақ мәртебесі берілді
– деп хабарлайды Пресса24 тілшісі.

1 шілдеден бастап Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендер ресми түрде экологиялық аймақ мәртебесіне ие болды. Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заңның негізінде күшіне енді.

Жылдар бойы жергілікті жұртшылық пен белсенді азаматтар көтеріп келген бұл мәселе өз шешімін тауып, Кентау халқы үшін үлкен серпіліс болды. Аталған жаңалықты ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев қалаға сапары барысында халықпен кездесуде ресми түрде мәлімдеді.

Кездесуге қала әкімі Жандос Тасов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Жаңа мәртебенің арқасында Кентау мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік және экономикалық жеңілдіктерге, экологиялық қолдауларға қол жеткізбек. Бұл – өңірдің өркендеуіне жол ашатын нақты қадам.

Тұрғындардың айтуынша, бұл тарихи шешім – көп жылдық үміт пен бірлескен күрестің жемісі.